Ет турау — ер жігітті сынаудың бір өлшемі
Мал сойып, ет асу, соғымнан сыбаға сақтау халқымыздың маңызды қонақасы дәстүрі болып саналады. Осы дәстүр бойынша туыс-туған, дос-жарандарымыздың үйіне қонаққа барамыз. Дастарқан жайылып, қазан асылады. Тамақ пісіп, алдыға ас келгенде ет турау керек болады. Сонда сіз етті қалай турадыңыз? Ет турау әдісіңіз ұлтымыздың ет турау дағдысы бойынша болды ма, әлде сіз оны ұмытып кеттіңіз бе?
Ендеше білгіңіз келсе мынаған құлақ салыңыз. Етті жақсылап турауды халқымыз ер жігітті сынаудың бір өлшемі деп білген. Бірақ қазір оны маңызды деп санайтындар аз. Әйтеуір табақтағы ет ұсақталса боды, оның қалай туралып жатқанына сәп салмайды. Тіпті, пышақ, бәкі болмағанда қолмен жұлмалап жататындар да бар. Осыған байланысты халқымыздың атадан балаға дәстүр болып жалғасып келе жатқан ет тураудың бірнеше әдістерін назарларыңызға ұсынайық.
Біріншісі, үгіп турау. Ет тарам-тарам болады. Сондықтан оны бой-бойына сыдырмай, талшығын қиып кесу керек. Қазақ мұны қия кесу дейді немесе үгіп турау деген осы.
Екіншісі, жапырақтап турау. Етті қалың кеспей, барынша жұқалап кесу керек. Ең жақсысы туралған еттің жұқалығы ағаштың жапырағындай болады. «Жапырақтап кесу» атауы да осыған қаратылған. Ал бұлай турай алмаған жағдайда еттің қалыңдығы бәкінің қалыңдығынан асып кетпеуі керек.
Үшіншісі, ет кейде семіз малдыкі, кейде арық малдыкі болады. Семіз екен деп еттің майын бір бөлек, етін бір бөлек турауға болмайды. Оның ебін тауып, ығын келтіріп, майға аз да болса қара кесек іліндіріп, немесе қара кесек етке азырақ май қосып тураған дұрыс. Бұлай туралған ет тіске кірмейді, жүрекке де тимейді. Әрі оңай қорытылады, дәмді болады. Бұндай ет турау әдісін кесектеп турау деп атайды.
---------------------------------------------------------------------------------—
Құрметті "аға буын" оқырман: "көп білгеннен не пайда, тыңдарманы болмаса" дегендей, алып-қосарыңыз болса айтып, орамды ойларыңыз болса ортаға сала отырыңыздар. "Қазіргі жастар түк білмейді" дей бергеннен түк шықпайды. Қазіргі жылдам желілерді пайдалана отырып, ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүр, ырым-тиым т. б. насихаттап, жастардың санасына сіңіре алмасақ бізге сын емеспе. Шетінен көзі ашық, көкірегі ояу замандастарым мені дұрыс түсінер деген ойдамын!
Ізгі ниетпен: Айдар Темірбекұлы